Қауымдастық стандарттары
Кіріспе
Бұл стандарттар адамдардың пікірлеріне, сондай-ақ технологиялар, қоғамдық қауіпсіздік және адам құқықтары сияқты салалардағы мамандардың кеңесіне негізделген. Бізге әрбір адамның дауысы маңызды, сондықтан біз әртүрлі көзқарастар мен пікірлерді, әсіресе байқаусыз қалуы мүмкін немесе маргиналданған адамдар мен қауымдастықтардың көзқарастары мен пікірлерін ескеретін стандарттарды жасау үшін бар күшімізді саламыз.
Адамдар Facebook, Instagram, Messenger және Threads жүйесін тәжірибе алмасу, достарымен және отбасымен байланысу, сондай-ақ қауымдастықтар құру үшін күн сайын пайдаланады. Қызметтеріміз миллиардтаған адамдарға елдер мен мәдениеттер бойынша және ондаған тілде өз ойын еркін білдіруге мүмкіндік береді.
Meta Facebook-тың, Instagram-ның, Messenger-дің және Threads-тің адамдардың әрекеттесуіне ыңғайлы орын болуы қаншалықты маңызды екенін мойындайды және бұл қызметті қиянат жасау үшін пайдалануға жол бермеу біздің міндетіміз деп санаймыз. Сол себепті бұл қызметтерде не нәрсеге рұқсат етілетінін және не нәрсеге рұқсат етілмейтінін анықтайтын стандарттарды әзірледік.
Ескерту: Қауымдастық стандарттарының ағылшын тіліндегі нұсқасы соңғы жаңартылған саясаттар жинағы болып табылады және ол негізгі құжат ретінде пайдаланылуы тиіс.
Біздің тыңдауға дайындығымыз
Қауымдастық стандарттарының мақсаты — адамдардың өз ой-пікірлерін білдіруге арналған орын жасау. Meta кейбір адамдар келіспесе де немесе орынсыз деп санаса да, жазбаша комментарийлер, фотосуреттер, музыка немесе басқа көркем туындылары арқылы адамдардың көкейкесті мәселелерді ашық талқылай алғанын қалайды. Кейде біз өзге жағдайда стандарттарға қайшы келетін контентке рұқсат етеміз, мысалы, ол маңызды және қоғамдық мүддеге сай келетін болса. Мұндай контентке рұқсат етпес бұрын, біз міндетті түрде қоғамдық мүдденің маңыздылығы мен зиян келтіру тәуекелін таразыға тартып, тиісті үкім шығару үшін адам құқықтарын қорғау бойынша халықаралық стандарттарға сүйенеміз. Басқа жағдайларда қосымша контекст арқылы анықталмаған немесе жасырын түрде стандарттарымызды бұзатынын білдіретін контент жоюымыз мүмкін.
Бізге ой-пікірді білдіру мүмкіндігінің болуы аса маңызды, бірақ біз интернетте қиянат жасаудың жаңа әрі бұрынғыдан да өрескел жолдарының пайда болып жатқандығын мойындаймыз. Аталған себептерге байланысты біз контентті шектеген кезде, біз оны мына құндылықтардың біріне немесе бірнешеуіне сүйене отырып жасаймыз:
ТҮПНҰСҚАЛЫЛЫҚ
Біз көрсетілетін контенттің түпнұсқа екеніне көз жеткізгіміз келеді. Біз түпнұсқалылық ақпарат алмасу үшін қолайлы орта жасайды деп есептейміз, сондықтан адамдардың қызметтеріміздің олардың кім екендігі және немен айналысатыны туралы ақпаратты бұрмалап көрсету үшін пайдаланғанын қаламаймыз.
ҚАУІПСІЗДІК
Біз Facebook, Instagram, Messenger және Threads қолданбаларын қауіпсіз орындарға айналдыруды міндеттеміз. Біз адамдардың физикалық қауіпсіздігіне зиян келтіру қаупін туғызуы мүмкін контентті өшіреміз. Адамдарға қауіп төндіретін контент қорқыныш сезімін тудыруы, ығыстыруы немесе үндемеуге мәжбүрлеуі мүмкін және қызметтерімізде мұндай контентке тыйым салынады.
ҚҰПИЯЛЫЛЫҚ
Біз жеке қауіпсіздікті және жеке деректерді қорғауға ұмтыламыз. Құпиялылық адамдарға өздерін еркін ұстауға, қызметтерімізде контентті қалай және қашан бөлісетінін өзі шешуге және басқалармен оңай байланысуға мүмкіндік береді.
ҚАДІР-ҚАСИЕТ
Біз барлық адамдар қадір-қасиеті және құқықтары жағынан тең деп есептейміз. Біз адамдардан басқалардың қадір-қасиетін құрметтеуін, қысым жасамауын және кемсітпеуін күтеміз.
Қауымдастық стандарттары
Қауымдастық стандарттары бүкіл әлемдегі барлық пайдаланушыларға және барлық контент түрлеріне, соның ішінде ЖИ көмегімен жасалған контентке қолданылады.
Қауымдастық стандарттарының әр бөлімі "Саясат дәйектемесі" тарауынан басталады. Бұл тарауда саясат мақсаттары, сондай-ақ төмендегілерді анықтайтын белгілі бір саясат бағыттары белгіленеді:
Рұқсат етілмеген контент; және
Стандарттардың орындалуын қамтамасыз ету үшін, қосымша ақпаратты немесе контексті қажет ететін контент, рұқсат етілген, бірақ ескерту экраны көрсетілетін контент немесе рұқсат етілген, бірақ 18 жастан асқан ересектер ғана көре алатын контент.